Астанада KazCORE бағдарламасының кезекті сессиясы басталды

Астанада KazCORE бағдарламасының кезекті сессиясы басталды

19 маусым 2026, 16:48
Астанада KazCORE бағдарламасының кезекті сессиясы басталды
Астанада жас әрі болашағынан үміт күттіретін төрешілерді дамыту үшін ҚФФ Төрелік ету департаменті жүзеге асыратын KazCORE бағдарламасының кезекті сессиясы басталды.

Семинарға дайындық жұмыстары алдын ала ұйымдастырылды. Кеше ғана ҚФФ Төрелік ету департаментінің директоры Нуну Каштру мен бағдарламаның бас нұсқаушысы ретінде шақырылған IFAB техникалық директоры Дэвид Эллерей «Астана» және «Қайрат» жастар командалары арасындағы Бірінші лига матчына барды. Бұл ойынға KazCORE қатысушыларының бірі төрелік етті.

Сессия бағдарламасына Дэвид Эллерейдің, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы төрт төрешінің тәлімгерлері болып табылатын Артем Кучин мен Эльвира Нұрмұстафинаның жетекшілігімен өтетін теориялық сабақтар кіреді. Бұдан бөлек, футбол алаңында практикалық жаттығулар жоспарланған, онда төрешілер физикалық дайындықпен жұмыс істеп, ойын жағдайларында шешім қабылдау дағдыларын шыңдайды.

Семинардың негізгі бөлімдерінің бірі – қатысушылардың ағымдағы маусымда басқарған матчтарына талдау жасау. Төрешілер нұсқаушылармен бірге маңызды эпизодтарды саралап, болашақ кәсіби өсу бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ VAR жүйесімен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. VAR нұсқаушысы Леонид Калошин төрешілерге бейнекөмек көрсетудің техникалық процедуралары бойынша сессия өткізеді, бұл қатысушыларды алдағы сертификаттауға дайындаудың бір бөлігі болмақ.

Қаңтар айында өткен алғашқы сессиядан бастап төрешілер мен олардың тәлімгерлері өткізілген матчтарды талдап, өзін-өзі бағалау жұмыстарын және есептер дайындады, сонымен қатар өз өнерлерін егжей-тегжейлі сараптады. Дэвид Эллерей де бұл жұмысты қадағалап, процесті УЕФА-ның өзекті ұсыныстарын ескере отырып бағыттап отырады.

KazCORE бағдарламасы Қазақстанның болашақ жетекші төрешілерін отандық футболдың ең жоғары деңгейінде жұмыс істеуге дайындауға бағытталған. Ол бір жылдық циклдар форматында жалғасады: әр маусымда оған жаңа төрешілер мен тәлімгерлер қатысатын болады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары