Қазақстан U-15 құрамасы FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 алғашқы турниріне қатысады
Жарыс FIFA футбол фестивалі форматында ұйымдастырылып жатыр. Бұл турнир жас таланттарды дамытуға арналған жаһандық бағдарламаның бір бөлігі. Негізгі мақсат – болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды ерте анықтау, олардың техникалық шеберлігі мен ойын ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ FIFA U-17 әлем чемпионаты сияқты халықаралық жарыстарға дайындау.
FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 матчтары қақпашыны қоса есептегенде 8×8 форматында өтеді. Бұл формат дәл осы жас санатына арнайы әзірленген. Соның арқасында футболшылар доппен көбірек жұмыс істеп, ойын барысында жиірек шешім қабылдап, шабуыл әрекеттеріне белсендірек қатыса алады.
Турнирдің алдын ала бекітілген талаптарына сәйкес, жарысқа 2011 және 2012 жылы туған футболшылар қатыса алады. Әр команда 14 ойыншыны, оның ішінде кемінде екі қақпашыны, сондай-ақ штабтың алты өкілін тіркей алады.
Турнир екі кезеңнен тұрады: іріктеу және негізгі турнир кезеңі. Қатысушы командалар әр кезеңдегі нәтижесіне қарамастан, жарыс бойы матчтарын өткізеді.