Артем Кучин Қазақстандағы УЕФА Төрелік конвенциясының үйлестірушісі болып тағайындалды
Бұл қызметте ол төрелік етуді ұйымдастыру мен дамытудың түрлі бағыттары бойынша ұйымның талаптары мен стандарттарының орындалуына қатысты барлық мәселелерде УЕФА-мен өзара іс-қимылды үйлестіруге жауапты болады.
Сондай-ақ оның міндеттеріне қажетті ақпараттың уақтылы ұсынылуын қамтамасыз ету және Қазақстандағы УЕФА Төрелік жөніндегі конвенциясы ережелерінің сақталуын бақылау кіреді. Сонымен қатар Артем Кучин Қазақстан футбол федерациясының төрелік ету жөніндегі үйлестірушісі.
Артем Кучин 17 жыл бойы, яғни 2008-2025 жылдар аралығында Қазақстан Премьер-лигасының матчтарында төрелік етті. Кәсіби мансабында ол 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі, УЕФА Еуропа лигасы мен Конференция лигасының матчтарында, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының финалдарында, U-17 және U-19 Еуропа чемпионаттарының финалдық турнирлерінде, сондай-ақ УЕФА Өңірлер кубогының финалында қызмет атқарды.
Кучин Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі матчтарға төрелік ету сеніп тапсырылған алғашқы қазақстандық арбитр атанды. Бұл отандық төрелік ету тарихындағы маңызды белес болды.