Павлодарда Walking Football Challenge «Павлодар Аңыздары» турнирі өтті
Тартысты өткен додаға «Успенка», «Достар», «Шарбақты», «ҚТЖ», «Спартак» командаларымен қатар Ақсу қаласынан келген «Анод» ұжымы қатысты.
Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақсудың «Анод» командасы жеңіп алды, «ҚТЖ» футболшылары күміс жүлдеге ие болды, ал үздік үштікті «Спартак» ұжымы түйіндеді.
Сондай-ақ жарыс нәтижесінде үздік ойыншылар арнайы аталымдармен марапатталды:
Үздік қақпашы – Жұмағали Турунтаеваев («Ақсу»)
Үздік қорғаушы – Станислав Кузнецов («ҚТЖ»)
Үздік шабуылшы – Руслан Кизатов («Шарбақты»)
Турнирдің үздік ойыншысы – Бауыржан Қосынтаев («Спартак»)
Павлодар қаласы – Қазақстан футбол федерациясы Walking Football жобасын өткізген еліміздегі алтыншы қала болды.
Павлодар облысы футбол федерациясының президенті Ойрат Садуов турнир туралы пікірімен білдірді:
«Бұл өте қызықты турнир, әсіресе мен сияқты футбол ардагері үшін орны бөлек. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды, сондықтан осындай доданы өткізгені үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтқым келеді. Меніңше, алдағы уақытта Walking Football бағыты қарқынды дами түседі. Себебі, мәселен, жүгіре алмаса да, жүре алатын адамдар бар. Олар спорттың бұл түріне үлкен қызығушылық танытады деп ойлаймын», – деді Садуов.
Walking Football – бұл белсенді өмір салтын қолдауға, денсаулықты нығайтуға және ардагер футболшылардың сүйікті ойынына қайта оралуына мүмкіндік беретін ерекше жоба. Бүгінде бұл турнирлерге отандық футболдың ардагерлері мен бұрынғы танымал ойыншылары үлкен қызығушылықпен қатысып келеді.