Астанада қыз балалар футболын дамытуға арналған UEFA Playmakers семинары басталды
Үш күнге жоспарланған оқу бағдарламасы 5-10 жас аралығындағы қыз балалардың футболға қызығушылығын арттыруға және олардың спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған арнайы әдістемені меңгеруге арналған. Оқыту курсын Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы бапкерінің ассистенті Юлия Ширяева жүргізіп жатыр.
Қатысушылар алғашқы екі күнде теориялық білім алып, бағдарламаның негізгі қағидалары мен оқыту тәсілдерімен танысады. Кейін алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, практикалық сабақ өткізеді.
UEFA Playmakers бағдарламасы Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболы бөлімінің бастамасымен қыз балалар футболын дамыту және бұқаралық футболға қатысушылар санын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта аталған семинарды еліміздің өзге өңірлерінде де өткізу жоспарланған.
Айта кетейік, UEFA Playmakers – футболмен бұрын айналыспаған қыз балаларға арналған жоба. Бағдарламаның басты мақсаты – қыздардың футболмен алғашқы танысуына қолайлы әрі қызықты орта қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру және оқу-жаттығу үдерісіне заманауи педагогикалық тәсілдерді енгізу.