Русланжан Раимбакиев: «Халықаралық матчтар футболшыларға үлкен пайдасын тигізді»

Русланжан Раимбакиев: «Халықаралық матчтар футболшыларға үлкен пайдасын тигізді»

12 маусым 2026, 12:31
Русланжан Раимбакиев: «Халықаралық матчтар футболшыларға үлкен пайдасын тигізді»
Қазақстан U-17 құрамасының аға бапкері Русланжан Раимбакиев Габала қаласында өткен оқу-жаттығу жиынын қорытындылады. Жиын аясында оның шәкірттері Әзербайжан құрамасын екі рет (5:2 және 1:0) жеңді.

– Біз Әзербайжан жерінде осы елдің құрамасына қарсы екі жолдастық кездесу өткізіп, өте жақсы оқу-жаттығу жиынын өткіздік.

Бірінші матчта 5:2 есебімен жеңіске жеттік, бұл ойында жігіттер нағыз мінез көрсете білді. Есеп 2:0 болып, қарсылас алға шыққаннан кейін жағдайды реттеу оңайға соққан жоқ. Дегенмен команда кездесу ағымын өзгертіп, қатарынан бес гол соқты және жеңісті жұлып алды.

Екінші кездесу де өте ауыр өтті. Қарсылас бізді зерттеп, ойынымызды талдап үлгеріпті. Олар барын осы матчқа салды. Біздің жігіттер жарады, оларға осы ойын үшін алғыс айтқым келеді. Екінші таймның соңында гол соғып, тағы да жеңіске жеттік.

Бұл халықаралық матчтар футболшыларға өте пайдалы болды деп ойлаймын. Себебі олардың көбі осы уақытқа дейін тек ішкі біріншілікте ғана ойнап жүрген еді. Жас ойыншылар үшін бұл таптырмас халықаралық тәжірибе және олардың көбі бұл сынақтан сүрінбей өтті.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары